Жамылып қалың ойдың жапырағын,
кей кезде ойға шомып отырамын.
Сырласам келтiрем де көз алдыма,
сүйкiмдi Сыр бойының атырабын.
Күлкiсi жанарында жыйылмаған,
екпiнi басылмаған, құйындаған,
шалқыған көңiлiмде жырларым бар,
әлi де бiр қалыпқа құйылмаған.
Бұрынғы оқып жырын дана көптiң,
келедi шайыр жолын қалап өткiм.
Келмейдi еш уақытта бұ дүниядан
асылды кеудемдегi ала кеткiм.
Қартайып, қайғы-мұңды селдетермiн,
бiр күнi бұл өмiрден мен де өтермiн.
Жан сырын замандастың бейнелеген
жырыммен жұрт көңiлiн тербетермiн.
Көзiме өтер жылдар көрiнбеген,
өзгерер әлденеше өмiр деген.
Аралап болашақты жүрер жырым,
баяғы албырт, жарқын көңiлменен.
1962