Бiрiмiн қоштасқанның баяғымен,
жанымды жаңалыққа жаямын кең.
қап-қара шорт кесiлген бұрымыңды
бiлмеймiн, неге екенiн, аядым мен.
Шашыңды қобыраған тәуiр шығып,
сен кестiң келiспейтiн жауыңсынып.
Арқаңа құлай түскен қос бұрымды
лақтырдың кебежеге ауырсынып.
Дедiң бе содан құмар бiр тарайды,
қайшымен кiм қолаңды қиқалайды?
қайсысы қолы түрпi жұмысшының
шашыңды шолақтанған сипалайды?
Әрине, көп күледi көрген бұған,
желiкпек қыз iшiне толғанда ылаң.
Бұрымың бұлғақтаған кеше жанды,
ол бүгiн… былқ-былқ етiп өлген жылан.
Iшiмнен көрiп соны күлер iстей,
не жағдай, дедiм, жүрген бұ келiспей?
Сол сәтте ескi әдептен жаңалық деп,
деп тұрдым, айрылмасаң, тiлеп iштей.
Дегенмен мен аңғардым ғапылыңды,
әйелдiң ұрпақ үшiн заты құнды,
“шашы ұзын, ақылы қысқа” ел дейтiн-дi…
Ала қой ендi ұзартып ақылыңды.
1961 жыл