Басты бет · 1960-70 жылдар

Сырдың суы ағады жәй бұлаңдап…

Сырдың суы ағады жәй бұлаңдап,
айдынында алуан жұлдыз жанады.
Майда толқын ақ шабақша бiр аунап,
жымиюмен сылқ-сылқ күлiп барады.
 

Шаңқай түсте шалдықтырған күн қақтап,
айдынның да келiп қапты келiмi.
Сүйiп жатыр жалт-жұлт еткен нұрды әппақ,
жағалаудың күңгiрт, қара ерiнi.
 

Ал дария жап-жалаңаш көсiлiп,
ұйықтап қалған хаса сұлу сияқты.
Соның айдын-кеудесiне кешiгiп,
көк аспаннан толған Ай да құлапты.
 

Мүлгедi, әне, нар қамыстар сырнайлы,
қыбыр етпей тып-тиыш боп тұр алап.
Шегiрткелер үздiк-создық жырлайды,
сыбдыр шықса, самарқаулау тына қап.
 

Қайыр тал да Айға қарап иiлген,
мамыражай керiледi борпастар.
Замананың маңдайынша түйiлген,
түнерiп тұр тек кәрия жартастар.
 

1964 жыл