Басты бет · 1971-93 жылдар

Дүрiн көрсем бiреудiң…

Дүрiн көрсем бiреудiң‚
болсам дағы iзгi адам‚
жүзi жасып жiгердiң‚
о масқара… қызғанам.
 

Жәнә терең ойламай‚
зауық қашып‚ күш кемiп‚
көрмедiм деп мен қалай‚
жатып алам тiстенiп.
 

Сосын… Орнап жанға әлек‚
таппай тыным талай түн‚
сондай асыл бар ма деп‚
жан-жағыма қараймын.
 

Ақырында нәсiл бар
түсiрмеген торына‚
жарқылдаған асылдар
түседi кеп қолыма!
 

Заматында ол жүз жанып‚
шұғыласын бiр үзбейдi.
Оны көрген… қызғанып‚
соны сырттан iздейдi.
 

Тапса ол да‚ — басқа адам
қызғанады. Қызғаныш
бiр қиырға бастаған
жұртты салмақ iзге алыс.
 

Қара бұған шошынбай‚
бос жүргенше жүз налып‚
өтсем болды осындай
қызғанышты… қызғанып.
 

1977 жыл